Аудандық кітапханада «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай «Алаштың асыл арысы» атты тарихи сағат ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында Мәди Бәпиұлы атындағы №44 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Акимбеков Сержан Төлеуұлы тағылымды ойларымен бөлісіп, Әлихан Бөкейханның ел тағдыры жолындағы еңбегінің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, осы мектептің жоғарғы сынып оқушылары Алаш қайраткері жайлы мазмұндап, тарихи тұлғаның сан қырлы болмысын таныстырды.

Сондай-ақ, шараға Мыңжасар Әдекенов атындағы ауылшаруашылық колледжінің кітапханашысы Ахметова Сәуле Жеңісқызының жетекшілігімен студенттер де қатысып, Алаш қайраткерінің сан қилы тағдырын тілге тиек етті.

Сөз соңында Қарқаралы музейінің ғылыми қызметкері Сланбеков Сәтбек Ғабиденұлы тың тарихи деректер ұсынып, қатысушылардың таным көкжиегін кеңейтті.

Ұлт тарихын ұлықтауға бағытталған бұл кездесу жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті деген ойдамыз.

👁 Всего посещений: 318