
Аудандық кітапхананың шаңырағы бүгін ерекше бір нұрға, мағыналы әсерге бөленді. Киелі де құтты мекенге Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Өскемен және Елордамыз — Астана қаласының руханият ошақтарында 40 жылға жуық табанды қызмет еткен ардагер кітапханашылар арнайы экскурсиямен аяқ басты.
Бұл қонақтар — саналы ғұмырын кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірге айналдырған, білім мен мәдениеттің шырақшылары. Бір заманда кітапханашылық мәртебелі де жауапты мамандық басын қосқан олар, бүгінде жылдар өтсе де, сол достық пен рухани сабақтастықты үзбей ұстап келеді.
Кейбірі әлі де болса жауапты қызметтерде руханиятқа үлес қосып жүрсе, кейбірі бейнеттің зейнетін көріп, кемел шақтың салмақты да әдемі кезеңін бастан кешіруде.
Парасатты жасқа жетіп, елі мен жерін аралап, рухани серпіліс үстінде жүрген ардагерлеріміздің бұл сапары — өскелең ұрпаққа өнеге, жас мамандарға үлкен тағылым.
Шаңырағымызға абырой мен шуақ сыйлаған мәртебелі меймандарға шексіз алғысымызды білдіреміз!



