
Кітапхана – тарих пен тағылым тоғысқан мекен
Жаз мезгілінде Қарқаралы аудандық кітапханасына келушілердің қатары артып, кітапхана қабырғасында өлке тарихына қызығушылық танытқан түрлі жандармен мазмұнды кездесулер өтуде.
Кітапхана орналасқан ғимарат – Қарқаралының көне тарихынан сыр шертетін, мемлекет қорғауындағы тарихи нысан. Кезінде көпес Петр Рязанцевтің үйі болған бұл ғимаратта өлкетанушы Григорий Потанин аялдағаны белгілі. Бүгінде осы тарихи мекенге басқа қалалардан студенттер, тарихшылар, саяхатшылар, өлкетанушылар және туған өлке тарихына қызығушылық танытқан қонақтар арнайы ат басын бұрып келеді.
Сонымен қатар, түрлі мекеме қызметкерлері де кітапханаға келіп, оның тарихымен танысып, тағылымды жұмыстарға атсалысуда. Жақында полиция қызметкерлерінің қатысуымен пробация бағыты бойынша жұмыс жүргізілді.
Әрбір келуші үшін кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, тарихи дерек іздейтін, тың мәлімет жинайтын, өткен мен бүгінді сабақтастыратын рухани орта. Қонақтарымыз кітап қорындағы өлкетануға қатысты әдебиеттерге қызығушылық танытып, өздерін қызықтырған деректермен танысады.
Біз үшін әрбір келушіге туған өлкенің тарихын таныстырып, құнды деректермен бөлісу – үлкен жауапкершілік әрі қуаныш.
Қарқаралының әрбір көне ғимараты – бір тарих.
Ал сол тарихты танып-білу – ұрпаққа аманат.






