Бүгін 7 қазан күні аудандық кітапханада ҚР тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы және «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында, ақиық ақын Қасым Аманжоловтың туған күніне орай, «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ…» атты дәстүрлі Қасым оқулары өткізілді.

Қасымның ұлылығын, жырларының ерекше рухтылығын қазіргі ұрпаққа айтып қана қоймай, Қасым мұрасын насихаттау, жырға әуестігі бар жастарды Қасым жырларын қамти отырып ақындыққа баулу, жастардың шығармашылық әуелетін дамыту, көркем әдебиет пен көсемсөз жанрын жандандыру, тіл мәдениетін көтеру мақсатындағы аудандық байқауға 43 жасөспірім өтініш қалдырып, 42 оқырман қатысты. «Қарқаралы» газетінің бас редакторы – Құрманғазы Өтебай, жерлес ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – Руслан Нұрбай, аудандық білім бөлімінің әдіскері – Дидар Ерменбетқызы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы – Жолтай Маржан Жақыпқызы, Қарқаралы қаласының балалар өнер мектебінің театр өнері сыныбының мұғалімі – Құснидтеновна Арайлым Құтыбайқызы қатысушылардың өнерін бағалап, әділ шешімдерін шығарды. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Қарқаралы қаласының №44 М.Бәпиұлы атындағы мектеп оқушысы Төлеген Балым иеленді. Бірінші орын Талды ауылының №19 ЖББ тірек мектебінің оқушысы Мәукен Нұрәлиге, екінші орын Қарқаралы қаласының Мәди Бәпиұлы атындағы №44 мектеп оқушысы Рамазан Томирис пен Бесоба ауылының №8 тірек мектебінің оқушысы Қайыржан Кәусарға, үшінші орын
Жаңатоған ауылының №14 жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Тілепбек Айсұлу және Қарқаралы қаласындағы Мәди Бәпиұлы атындағы №44 мектеп оқушылары Дүйсен Шынар мен Төкен Дариғаға бұйырды. Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.