
Үздік оқырман — 2025
Аудандық кітапханада кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты нығайту, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Үздік оқырман — 2025» оқырман бенефисі өткізілді. Шараға Ә.Ермеков атындағы №2 орыс орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жайсанбаева Гүлназ Жұмагелдіқызы мен 10 сынып оқушылары, музей қызметкерлері келіп қатысты. Бір жылғы оқырман формулярын сараптай келе, аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы Қарқаралы ауданының полиция бөлімі, криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Бекарыс Қуатбекұлы 2025 жылдың үздік оқырманы болып танылды. Шара барысында Бекарыс Қуатбекұлы кітапқа деген қызығушылығы бала кезден басталғанын айтып, оқыған кітаптарымен бөлісті. Жылдың үздік оқырманы болып танылған Бекарыс Қуатбекұлы туралы бейнеслайд көрсетіліп, «Оқырман әлеміне саяхат» атты оқырманның оқыған кітаптарынан жасақталған көрмеге шолу жасалды. Кітапханада өткізілетін барлық шаралар демеушісі «Шаңырақ» көпбалалы аналарды қолдау орталығының атынан үздік оқырманымызға ескерткіш сыйлық пен аудандық кітапхана атынан алғыс хат табысталды. Жас оқырмандар сұрақ қойып, кітап оқудың маңыздылығы туралы мазмұнды әңгімелер айтылды.
Кітапхана – руханият бесігі, ал оның ең қымбат қонағы – оқырман!





