Тамылжыған тамыз кешінде Қарқаралы қаласының Орталық саябағында Абай күніне орай «Махаббатсыз – дүние бос…» атты түнгі әдеби-сазды кеш өтті

Қарқаралы аудандық кітапханасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл рухани жиын арайлы саябақтың әсем құшағында тұрғындар мен қала қонақтарының басын қосып, ұлы ақынның рухына тағзым еткен тағылымды кездесуге айналды.

​Салтанатты шараның ашылуында Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы Ілияш сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады және хакім Абайдың әдеби мұрасы мен дара болмысының ұлт руханиятындағы айрықша орнына тоқталды.

​Кеш өткен саябақ аумағы ерекше эстетикалық талғаммен көркемделді. Мұнда қойылған «Махаббатсыз дүние бос…» кітап көрмесі, ақынның 45 қара сөзінің түйіні өрнектелген инсталляция, кітаптардан өрілген «ABAI» сөзі, «Абайдан өсиет» қобдишасы мен ақын макеті келген көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

​Әдеби-сазды кеш Абайдың жүрек тербетер әсем әндерімен және жас буынның арнауларымен әрленді. Ауданның «Қайран жастық» ардагерлер хор ұжымы «Айттым сәлем, Қаламқас» пен «Көзімнің қарасы» әндерін әуелете шырқап, кештің сәнін кіргізсе, кітапханашы Айдана Шашубаева ұлы ақынға арнаған жүрекжарды жырын оқыды. Ал кітапхана мамандары ақынның терең мағыналы қара сөздерін мәнерлеп оқып, тыңдарманды терең ойға батырды. Кітапхана оқырмандары Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре дауыстап оқыды.

​Кештің ерекше тартуы болған «Еркін микрофон» айдарында поэзияны жанына серік еткен қала тұрғындары мен қонақтары сахнаға шығып, Абай жырларын тебірене оқыды. Таза ауа мен жұмсақ жарық аясында өткен бұл түнгі оқулар Абай сөзінің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жиналғандардың жүрегінде өшпес із қалдырды.

👁 Всего посещений: 123