«Кітап Time – 2026»: Қарқаралыда руханият мерекесі өтті

​Қасиетті Қарқаралының руханият ордасында дәстүрлі «Кітап Time – 2026» кітап мерекесі бесінші жыл қатарынан жалауын желбіретті.

Кітапхананың тынысы парақталған әрбір кітапта болса, оның шын мәніндегі жаны мен сәулесі — ізденімпаз оқырман. Бұл күн — сөз өнері мен оқу мәдениетін ұлықтаған шынайы рухани мейрамға айналды.
​Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, өңірдегі кітап оқу мәдениетінің маңыздылығына тоқталды. Мерекелік кеш Алаш ардақтысы Қасым Аманжоловтың жүрек тербер «Дариға, сол қыз» әнімен әрленіп, ұлттық классикамыз — Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» мен Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармаларынан оқылған әсерлі монологтармен жалғасты.
​«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жаңа басылымдар мен өлкетану мұраларына бай кең көлемді кітап көрмесі ұсынылып, оқырмандар «Эстетикалық фотозона», авторлық бетбелгі дайындайтын «Шеберхана алаңы», еркін микрофон форматындағы «Поэзия алаңы» және әдеби квиз-ойындар бұрышында белсенділік танытты.
​Руханиятқа жаны құштар оқырмандарымызға «Балаларға базарлық» сыйлықтары таратылып, шараға белсене қатысқан өренге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттары табысталды. Шараға қатысқан, атсалысқан жандарға алғыс білдіреміз.

Аудан кітапханашыларының ұйымдастыруымен өткен шара мазмұнды, мағыналы, әсерлі өтті.

​Кітаппен дос болған ұрпақтың келешегі қашан да жарқын!

👁 Всего посещений: 491